Сыңғырла соңғы қоңырау!
Мамыр айының көркем де сұлу күнінде тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, соңғы қоңырау соғылды. Айналадағы жайнаған тал-теректер, құлпырған гүлдер көңілімізді әсем күйге бөлегендей. Мектеп бітірушілерге ғана емес, жалпы жұртшылыққа әдемі әсер сыйлаған сәт Баян ауылының жалпы білім беру мектебінде ерекше аталып өтті.
Аталмыш білім ұйымымыз үшін биылғы соңғы қоңырау жылдағыдан өзгеше болды.Өйткені,жарты ғасырдан астам бұрын осы білім ошағынан түлеп ұшқан "Алтын медаль" иегерлері Т.Сүгірбаев, К.Мақышева, Б.Байқасова, Қ.Қадырбаева, І.Калин,сонымен қатар "Күміс медаль" иегерлері Қ.Шалабаев, Қ.Абдрахманов, Ж.Тасеменов 25 мамырда алтын ұяларына атбасын тіреп,үлкен кездесу жерлестерді қуанышқа бөледі.
Он бірінші сыныпқа дейін тай-құлындай тебісіп өскен жас түлектердің жүрегін толқытатын сәт келіп жетті.Баян мектебін бітіріп жатқан 9 оқушы жас түлектеріміз қошеметпен ортаға шақырылды.Қазақстан Республикасының Туы акт залына енгізілді.Айбынымызды асқақтатқан мемлекеттік Әнұранымыз орындалып бойымызға күш-қуат берді.
Алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры А.Қ.Сұрағановқа берілді.Асқар Құрманғалиұлы төрде отырған қадірлі қонақтармен таныстырып,әріптестер мен оқушыларды,ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап,қанаттары қатайған мектеп бітірушілердің мұраттарына жетуіне тілектес екенін айтты.Мектеп өмірінде өздерін жақсы қырынан танытқан белсенді оқушыларға мақтау қағаздарын тапсырды.Құттықтау сөз кезегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Б.Рамазанов,Архангелка селолық округінің әкімі С.Шәріповке берілді.
Келесі кезекте мінберде сөз алғандар Т.Сүгірбаев,Қ.Шалабаев өз сөздерінде кіндік каның тамған туған жер,осы биік белестерді бағындыруға көпір болған мектеп және ақылшы - дана ұстаздардың еңбектерін бағалай білу,ұмытпау,жиірек ат ізін салып тұру әркімнің азаматтық борышы екенін баса айтып өтті.Ж.Тасеменов бүгінгі күн баршамыздың басымызды қосқан алтын ұям-мектебім әрдайым ыстық.Содан бері қанша уақыт өтсе де ұйымшылдығымыз бен қарым-қатынасымыз беки түсіп,бір-бірімізді көрмесек жүрегімізде сағыныш ұялайды дей келе жүрегі жомарт ағамыз кітаптар топтамасы және спорт жабдықтарды мектепке сыйға тартты.Б.Байқасова арнау өлеңін оқып көпшіліктің назарын өзіне аударып,жасөспірімдерге өнегелік жол көрсетті.
Осынау қуанышты сәтте балалары ер жетіп,түлеп ұшқан 11 сынып ата-аналары жауапсөз ұстаздар қауымына шексіз алғыстарын білдіріп,сый-қошемет көрсетті.
Білім азығын бойына сіңірген жас түлектер мен мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынып ұстаздардың мерейін үстем ете түсті.
Білім кілтін он бірінші сынып оқушысы Кеңес Дана бірінші сынып оқушысы Құрманбай Санжарға табыс етті.Соңғы қоңырауды алтын ұя мектептен ұшқалы тұрған жас түлектеріміз Мурзалина Айгерим мен Садақ Айдар соқты.Іс-шара 11 сынып оқушыларының соңғы вальсімен аяқталды.Шашу шашылып,қазақи салт-дәстүріміз паш етілді.